Accessibility links

Мемлекеттік органдарда "әдеп жөніндегі уәкіл" қызметі енгізілмек


Алматыдағы аудандық әкімдік ғимараты (Көрнекі сурет).
Алматыдағы аудандық әкімдік ғимараты (Көрнекі сурет).

Қазақстанда орталық мемлекеттік органдарда "әдеп жөніндегі уәкіл" лауазымды қызметі енгізіледі. Жергілікті БАҚ-тың 5 маусымда хабарлауынша, президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "Қазақстан Республикасы президентінің кейбір жарлықтарына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" жарлығына 1 маусымда қол қойылған және ол алғаш ресми жарияланған күннен бастап күшіне енеді.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, түзетулер Саяси және әкімшілік мемлекеттік қызметкерлердің лауазымы реестрінің "Әкімшілік мемлекеттік лауазым" деп аталатын бөліміне енгізіліп, әдеп жөніндегі уәкіл "Б" корпусына қосылатыны айтылған.

2015 жылы 29 желтоқсанда шыққан "Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметкерінің мінез-құлық ережесі және әдеп нормаларын одан ары жетілдіру шаралары туралы" жарлыққа енгізілген өзгерістер бойынша, әдеп жөніндегі уәкіл мемлекеттік қызмет туралы, коррупцияға қарсы іс-қимыл, этикалық кодекс пен басқа да заңдарын басшылыққа алып жұмыс істейді. Әдеп жөніндегі уәкіл міндеті "басшылық қызметін атқаратын, ұжымында мойындалып, құрметке бөленген мемлекеттік қызметкерге" жүктеледі.

"Әдеп жөніндегі уәкіл дербес қызметі" орталық мемлекеттік органдарда, облыс және республикалық мәртебесі бар қалалар мен Астана әкімдерінің аппараттарында пайда болады. Құқық қорғау органдары мен арнайы мемлекеттік органдарда және қорғаныс министрлігінде мұндай қызмет болмайды.

Жарлықта әдеп жөніндегі уәкіл қызметін атқаратын адам орталық атқару органының жауапты хатшысына, хатшы болмаған жағдайда немесе ондай лауазымды адам болмаса мемлекеттік органның аппараты жетекшісіне бағынатыны айтылған.

XS
SM
MD
LG