Accessibility links

Шенеунік пен журналист Таукина бітім жасаса алмады


Журналист Розлана Таукина. Алматы, 5маусым 2017 жыл.
Журналист Розлана Таукина. Алматы, 5маусым 2017 жыл.

Журналист әрі құқық қорғаушы Розлана Таукина мен оның үстінен шағымданған Алматының Алмалы ауданы әкімінің орынбасары Ермек Бейсеуов дауды бітіммен шеше алмады. Бұл туралы 5 маусымда Бостандық аудандық сотының төрағасы Гүлмира Талапованың төрағалығымен өткен кезекті сот отырысында белгілі болды.

Бұған дейінгі сот отырысында шағымданушы жақ бітім жобасын дайындап, оны жауапкер жаққа ұсынған. Бейсеуовтің адвокаты Сәния Аңлауысованың айтуынша, жауапкер жақ бітімге келуге қатысты сол күйі жауап қатпаған. Ермек Бейсеуовтің өзі бүгінгі сотқа келген жоқ. Ол бұған дейінгі екі сот отырысына да қатыспаған. Аңлауысова талапкер сотқа алғашқы шағымына қосымша шағым әкелгенін хабарлады. Онда жауапкер ретінде жеке адам ретінде Таукина ғана емес, ол редакторы саналатын Rezonans.kz сайты және сайттың меншік иесі жеке кәсіпкер "МФЖ Редактор" да көрсетілген. "МФЖ Редакторды" Розлана Таукина құрған.

Соттан соң Азаттық тілшісі екі тарапқа да не себепті бітім жасаса алмағанын сұрады. Сәния Аңлауысова суалға жауап беруден бас тартты. Ал Розлана Таукина Бейсеуов егер бітім жасасуды қаласа, онда шағымын қайтарып алғаны жөн екенін айтты.

Ермек Бейсеуов өзінің "абыройы мен қадыр-қасиеті және іскерлік беделін қорғау туралы" шағымында соттан 2016 жылы 20 қыркүйекте Rezonans.kz сайтында жарияланған "Дом с химерами" деген тақырыптағы мақалада келтірілген мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп тануды сұрайды. Шенеунік сонымен қатар жауапкер Таукинаны өзінің "абыройы мен қадыр-қасиеті және іскерлік беделін қаралайтын" мәліметті терістеуге міндеттеуді талап етеді.

Келесі сот отырысы 7 маусымға белгіленді.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG