Accessibility links

Астана: Сирия келіссөзінде "деэскалация аймақтары" талқыланады


Қайрат Абдрахманов, Қазақстан сыртқы істер министрі.
Қайрат Абдрахманов, Қазақстан сыртқы істер министрі.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов Астанада Сирия дағдарысын реттеу жөніндегі келіссөздің кезекті кезеңі келесі аптаның басына жоспарланып отырғанын хабарлады. Бұған дейін ресейлік БАқ Сирияның Ресейдегі елшісі Рияд Хаддадқа сілтеме жасап, Астанада Сирия бойынша ендігі келіссөз 12-13 маусымда өтетінін хабарлаған.

ҚазАқпараттың хабарлауынша, Абдрахманов Ресей жағы Қазақстанды алдын ала серіктестеріне Астанада 12-13 маусымда жиналуды ұсынайын деп жатқанынан хабардар еткен. "Алдағы күндері гарант елдер бізді осы кездесудің күн тәртібі және оған кім қатысатыны туралы хабарлауы тиіс" деді Абдрахманов.

Астанада бұған дейін өткен келіссөздің төртінші кезеңінде Сирияда "деэскалация аймақтарын" құру туралы меморандумға қол қойылған. Ол келіссөзге қатысқан Сирия оппозициясы Ресей ұсынған Сирияда қауіпсіздік аймақтарын құру жоспарын қабылдамаған. Гарант елдер - Ресей, Түркия және Иран "деэскалация аймақтарын" құру туралы меморандумға қол қойғаны хабарланған соң Сирия оппозициясы делегациясының өкілі Усама Абу Зейд Сирия территориялық тұтастығын сақтап қалуы тиіс деп мәлімдеген.

"Әзірге күн тәртібіне қатысты нақты ешнәрсе айта алмаймын. Бірақ мамырдағы кездесуде гарант елдер Сирияда төрт деэскалация аймағын құру туралы меморандумға қол қойылған. Гарант елдердің бізге хабарлауынша, Астанадағы кезекті келіссөзде аталған меморандумды іске асыруды нақтылау жоспарланып отыр. Нақты айтқанда, бұл деэскалация аймақтары қалай жұмыс істейтіні анықталады" деді Абдрахманов.

Астанадағы бұған дейінгі Сирия келіссөзінен түсірілген видео

XS
SM
MD
LG