Accessibility links

Лондондағы шабуылға қатысты тағы бірнеше адам ұсталды


Лондондағы Бороу сауда кешені орналасқан аудандағы шабуыл құрбандарына қойылған гүл шоқтары. Ұлыбритания, 4 маусым 2017 жыл.
Лондондағы Бороу сауда кешені орналасқан аудандағы шабуыл құрбандарына қойылған гүл шоқтары. Ұлыбритания, 4 маусым 2017 жыл.

Ұлыбритания полициясы Лондонның орталығында болған шабуылға қатысты жаңа тінтулер жүргізіліп, бірнеше адам ұсталғанын мәлімдеді. Полиция Лондонның шығыс бөлігінде 5 маусым күні таңертең жүргізілген екі рейдтің қорытындысы бойынша жасаған мәлімдемесінде "бірнеше адам ұсталғанын" ғана айтып, тұтқындалғандардың нақты санын келтірмеді.

Лондон полициясының басшысы Крессида Дик BBC-ге полиция шабуыл жасағандардың Лондон көпірінде жаяу жүргіншілерді соғып өткен микроавтобусын "тыңғылықты" зерттеп, "біраз сот материалын" жинағанын айтты. Полиция басшысы шабуыл жасағандардың кім екені анықталғанын хабарлағанымен, аты-жөндерін жария етпеді.

3 маусым күні кешке белгісіз үш адам әуелі Лондон көпірі үстінде кетіп бара жатқан жаяу адамдарды көлікпен басып өтіп, кейін екі мейрамхана жанында көшедегі жұртқа пышақпен шабуылдаған. Арада сегіз минуттай уақыт өткенде полиция күдіктілердің үшеуін де атып өлтірген. Түн ортасына қарай саперлер шабуыл болған жерде табылған күдікті заттарды бірнеше арнайы жарылыстың көмегімен залалсыздандырған. Шабуыл жауапкершілігін "Ислам мемлекеті" экстремистік ұйымы мойнына алған.

Британ полициясы 4 маусымда Лондонның шығыс жағында шабуылға қатысты 12 адамның ұсталғанын хабарлаған.

XS
SM
MD
LG