Ауғанстан астанасы Кабулда 6 маусымда халықаралық бітімгерлік конференциясы өтеді. "Кабул процесі" деп аталатын бір күндік конференцияға 10-нан астам елдің, оның ішінде АҚШ, Үндістан, Қытай мен Пәкістан өкілдері қатысады.
"Кабул процесінің мақсаты - Ауғанстанда бейбітшілік орнату үшін аймақта консенсусқа қол жеткізу" деп мәлімдеді Ауғанстан президентінің баспасөз хатшысы Шах Хуссейн Муртазави. Конференция қарсаңында полиция қаланың көп бөлігін қоршауға алып, қадағалау-өткізу пунктерін орнатты, көшелерді бронды әскери көлік торуылдап жүр.
Кабулда соңғы айларда бірнеше теракт мен оған қарсы халық толқулары болып, 100-ден астам адам қаза тапқан. 31 мамырда Кабулдың орталығындағы дипломатиялық өкілдіктер орналасқан ауданда жойқын жарылыс болып, кем дегенде 90 адам қаза тауып, 460-тан астам адам жараланған. Жарылыстан кейін үкіметке қарсы демонстранттар мен полиция арасында болған қақтығыстан бес адам қаза тапқан.
3 маусымда жерлеу рәсімі кезінде үш жанкештінің өзін-өзі жарып жіберуінен тағы жеті адам қаза тапқан.