Accessibility links

Миллиардер Майкл Блумберг климатты қорғау коалициясын құрды


Майкл Блумберг ғаламдық климаттың өзгеруіне арналған халықаралық жиында сөйлеп тұр. Ле Бурже, Франция, 5 желтоқсан 2015 жыл.
Майкл Блумберг ғаламдық климаттың өзгеруіне арналған халықаралық жиында сөйлеп тұр. Ле Бурже, Франция, 5 желтоқсан 2015 жыл.

Миллиардер әрі филантроп, Нью-Йорктің бұрынғы мэрі Майкл Блумберг бір мыңнан астам губернатор, мэр мен бизнесмен АҚШ президенті Дональд Трамп бас тартқан климат жөніндегі Париж келісімінің шарттарын орындайтын коалиция құрғанын мәлімдеді.

БҰҰ бас хатшысының қалалар мен климаттың өзгеруі бойынша арнайы өкілі Майкл Блумберг БҰҰ-ға климаттың өзгеруіне қатысты декларация тапсырды. Блумберг жергілікті билік органдарымен және мемлекеттік емес ұйымдармен олардың ауаға шығарылатын парник газдарын азайту туралы уәделерінің орындалуын бағалау үшін бірлесе жұмыс істейтінін және оның есебін БҰҰ-ға тапсыратынын айтты.

"Бүгін, мен АҚШ-тың сансыз қалалары, штаттары, бизнес пен басқа да ұйымдардың өкілдері атынан БҰҰ мен әлемдік қауымдастыққа Америка қоғамының ауаға шығарылатын парник газдарын азайту туралы 2015 жылы Парижде берген уәдесіне берік болып қала беретінін жеткіземін" деді Блумберг.

Жаңа бастамаға штаттардың 13 демократ және республикашыл губернаторы, 19 штаттың бас прокурорлары, 200-ден астам қала мэрі, ондаған компанияның, оның ішінде Apple, Amazon Google, Facebook, Microsoft, Levi Strauss және Tiffany компнаияларының басшылары қол қойған.

Бастамашыл топ Трамптың климат туралы келісімнен шығу шешімін "өрескел қателік" деп атады.

2015 жылы Парижде 194 мемлекет қол қойған ғаламдық климат жөніндегі халықаралық келісім ауаға парник газдарын шығаруды азайтып, ғаламдық температураның жоғарылуына қарсы іс-қимылдар жасауды көздейді. Париж келісімі бойынша, АҚШ 2025 жылға қарай атмосфераға шығаратын парник газы мөлшерін 26 пайызға дейін азайтуға міндеттеме алған.

Дональд Трамптың Париж келісімінен шығу туралы мәлімдемесін одақтастары мен бәсекелестері сынап, оның келісімді қайта жасау туралы ұсынысын шетке ысырған.

XS
SM
MD
LG