Accessibility links

Астана Катарға қатысты жағдайды келіссөзбен реттеуге шақырды


Қайрат Абдрахманов, Қазақстан сыртқы істер министрі.
Қайрат Абдрахманов, Қазақстан сыртқы істер министрі.

Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Абдрахманов араб елдерін Катармен дипломатиялық байланыстарын қалпына келтіруге шақырды деп хабарлайды жергілікті агенттіктер.

Астанада үкімет отырысынан соң журналистер алдында сөйлеген Абдрахманов Қазақстанның тараптар келіспеушіліктің алдын алып, жағдайды келіссөз арқылы реттейді деп үміттенетінін айтты.

"Біз бұл жағдайға қатысы бар тараптарды ұстамдылық танытып, өзара қолайлы, ең алдымен дипломатиялық қарым-қатынастың үзілуінен зардап шегетін осы елдердің халқының игілігіне сай шешім қабылдауға шақырамыз" деді Абдрахманов.

5 маусымда Бахрейн, Египет, Сауд Арабиясы және Біріккен Араб Әмірліктері (БАӘ) Катармен дипломатиялық байланыстарын үзгендерін мәлімдеген. Кейінірек Йемен, Ливияның халықаралық қауымдастық таныған уақытша үкіметі және Мальдив Республикасы осындай шешім қабылдады.

Бұл елдер Катармен байланыстың кез келген түрінен бас тартты. Олар Доханы "Ислам мемлекеті" мен "Әл Қаида" экстремистік ұйымдарына қолдау білдірді және араб елдерінде тұрақсыздық орнатуға талпынады деп айыптап отыр.

Катар билігі дипломатиялық байланысты үзу туралы шешім "негізсіз тұжырымдар" негізінде қабылданған және "орынсыз әрекет" деп есептейді.

XS
SM
MD
LG