Accessibility links

БҰҰ: ИМ Мосулда 150-ден астам бейбіт тұрғынды өлтірген


Ирактың босқындар лагеріндегі балалар. 5 маусым 2017 жыл.
Ирактың босқындар лагеріндегі балалар. 5 маусым 2017 жыл.

"Ислам мемлекеті" (ИМ) экстремистік ұйымы Ирактағы Мосул қаласынан қашпақ болған 163 бейбіт тұрғынды өлтірді, құрбан болғандар арасында балалар да бар" деп хабарлады БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі жоғарғы комиссары Зейд Раад әл-Хуссейн.

Болжам бойынша, содырлар бейбіт тұрғындарды 1 маусымда өлтірген.

Бұған дейін БҰҰ-ның балалар қоры (ЮНИСЕФ) Мосулдың ұрыс жүріп жатқан батыс аудандары мен ескі бөлігінде 100 мыңға тарта бала қалғанын хабарлаған. Ұйым қаланың батыс бөлігінде балаларды өлтіргені туралы деректері барын айтады.

ИМ содырлары Мосулды 2014 жылдың ортасында басып алған. 2016 жылдың қазанында Ирак әскері мен АҚШ бастаған коалиция Мосулды азат ету операциясын бастаған. Операция нәтижесінде қаланың шығыс бөлігі азат етілген. БҰҰ мәліметінше, Мосулда әскери қимылдар басталғалы бері қаланы 500 мыңнан астам адам тастап кеткен. Бұл - қалада соғыс қимылдары басталғанға дейінгі халық санының ширегі.

XS
SM
MD
LG