Accessibility links

БАҚ: Тегерандағы шабуылдардан жеті адам қаза тапты


Иран парламенті маңында жүрген полиция қарулы жасағы. Тегеран, 7 маусым 2017 жыл.
Иран парламенті маңында жүрген полиция қарулы жасағы. Тегеран, 7 маусым 2017 жыл.

Тегеранда Иран парламенті үйінде оқ атылып, қаланың оңтүстік шетіндегі аятолла Хомейни мавзолейіне жасалған шабуылдан жеті адам қаза тапты деп хабарлады ирандық ақпарат құралдары.

Tasmin агенттігінің хабарлауынша, парламент үйіне басып кірген қарулы үш адам онда төрт адамды кепілге алды деген расталмаған ақпарат шыққан. Депутат Елиас Хазрати мемлекеттік телеарнаға тапаншалы бір адам және "Калашников" автоматымен қаруланған екі адамның парламент ғимаратына баса-көктеп кіргенін айтқан.

ISNA агенттігінің ақпаратына қарағанда, тағы бір депутат шабуыл жасағандардың бірін қауіпсіздік күштері қоршап алғанын және парламентке кіретін барлық есік жабылғанын айтқан. Tasmin агенттігі шабуыл жасағандар жеті адамды атып өлтіріп, бірнеше адамды жараланғанын айтады.

"Атыс болғанда мен парламенттің ішінде болдым. Барлығының есі шығып, үрейі ұшып кетті. Екі ер адамның бас-көзге қарамай оқ жаудырып жатқанын көрдім" деді оқиға орнынан аты-жөнін атамауды өтінген журналист.

Бұл оқиғадан бір жарым сағат өткенде қарулы адам аятолла Хомейни мавзолейіне шабуыл жасап, бірнеше адамды жаралағанын хабарлады Press TV телеарнасы.

Мавзолей өкіліне сілтеме жасаған IRNA агенттігінің хабарына қарағанда, шабуылдаушы адамдарға оқ атқан соң, өзін-өзі жарып жіберген.

Телеарналар парламент жұмысы қалпына келтірілгенін хабарлап, парламент сессиясының "қалыпты жағдайда өтіп жатқанын" көрсетіп жатыр.

Аятолла Хомейни 1979 жылы Иранда ислам революциясын жасап, теократиялық режим орнатқан саясаткер. Ол 1989 жылы дүние салған.

XS
SM
MD
LG