Accessibility links

Әблязов: Қазақстан сотының Батыста күші жоқ


Азаттыққа Skype арқылы сұхбат беріп отырған Мұхтар Әблязов. 25 мамыр 2017 жыл.
Азаттыққа Skype арқылы сұхбат беріп отырған Мұхтар Әблязов. 25 мамыр 2017 жыл.

Қазақстан соты "қаржы жымқырды" деп айыптап, сырттай 20 жылға соттаған оппозициялық олигарх, БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов өзіне қатысты сот үкіміне қатысты Азаттыққа комментарий берді. Бұрынғы банкир Қазақстан сотының Батыс елдерінде күші жоғын мәлімдеп, мемлекет тағайындаған адвокатын "үкімге шағымданып, босқа шаршамауға" шақырды.

Алматы соты бүгін "БТА банкіндегі қаржы жымқыру" ісі бойынша айыпталушыларға үкім шығарған. Судья осы іс бойынша негізгі айыпталушы - БТА банктің директорлар кеңесінің төрағасы болған, қазір шетелде тұратын Мұхтар Әблязовті сыртынан 20 жылға соттады. Үкім бойынша оның мүлкі тәркіленуі тиіс. Сот Әблязовті қылмыстық кодекстің "қылмыстық қоғамдастық құру, оған басшылық жасау", "сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иеленiп алу немесе ысырап ету", "БТА банк қаржысын жымқыру және оның ізін жасыру", "банк қаржысын заңсыз пайдалану" және "өкілеттіктерін теріс пайдалану" баптары бойынша кінәлі деп таныды. Үш ай бұрын басталған сот процесіне шетелде тұратын Әблязов қатысқан жоқ. Әблязовтің орнына оның құқығын сотта мемлекет тағайындаған адвокат Анжелика Әжіғұлова қорғады.

Соттан кейін Анжелика Әжіғұлова аппеляциялық шағым түсіретінін айтқан. Ал Мұхтар Әблязов сот үкімі мен адвокат айтқан аппеляциялық шағым жайында Азаттыққа:

- Бұл әрине қызық мәлімдеме екен, соған қарағанда олар фарсты тағы жалғастырмақ. Өзін менің адвокатымын деген кісіге "аппеляциялық шағым" беріп күшін жұмсамасын дегім келеді. Бәрібір ол соттың шешіміне ешкім сенбейді. Батыста бұл шешімнің күші жоқ. Маған олар қандай шешім шығарса да бәрібір. Өйткені бұл - жалған сот, - деді.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған Мұхтар Әблязов 2016 жылы желтоқсанның 9-ы күні бостандыққа шыққан. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

Коррупцияға қарсы ұлттық бюроның мәлімдеуінше, БТА Банктен "Әблязов басқарған қылмыстық топ" жеті миллиард АҚШ долларынан астам қаражат жымқырған.

БТА Банк ісі бойынша сот үкімінен жасалған трансляция видеосы:

XS
SM
MD
LG