Accessibility links

Келімбетов БЖЗҚ директорлар кеңесінің құрамына енді


БЖЗҚ сайтындағы директорлар кеңесі құрмының жаңартылғаны туралы ақпараттан скриншот. 8 маусым 2017 жыл.

Қазақстан Ұлттық банкінің бұрынғы төрағасы Қайрат Келімбетов Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) директорлар кеңесінің құрамына енді. Бұл туралы БЖЗҚ-ның сайтында 6 маусымда жарияланған директорлар кеңесінің жаңартылған тізімінен байқауға болады деп хабарлады abctv.kz сайты.

48 жастағы Келімбетов Ұлтық банк төрағасы болып тұрғанында БЖЗҚ активтерін басқару кеңесінің құрамында болған. Келімбетов Ұлттық банк төрағалығынан отставкаға кеткен соң "Астана" халықаралық қаржы орталығын басқарған.

Директорлар кеңесінің жаңартылған құрамында барлығы жеті адам, оның ішінде осы кеңестің төрағасы әрі Ұлттық банк төрағасының орынбасары Дина Ғалиева және БЖЗҚ-ның басқарма төрағасы Нұрбүбі Наурызбаева бар.

abctv.kz сайтының өз дереккөзіне сілтеме жасап хабарлауынша, БЖЗҚ директорлар кеңесінің құрамынан АТФ-Банкінің басқарма төрағасы Энтони Эспина шығарылған. БЖЗҚ директорлар кеңесі құрамының өзгеруіне не себеп екені айтылмайды.

Өткен айда БЖЗҚ активінің дефолтқа ұшыраған Әзербайжан халықаралық банкіне салынғаны туралы ақпарат шыққан соң Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев әзербайжан банкінің бағалы қағаздарын сатып алу туралы шешім "Ұлттық банктің сол кездегі басшылығында болған адамдар" қабылдағанын мәлімдеген. Ақышевтың сөзінше, Әзербайжан халықаралық банкінің 250 миллион долларға бағаланған қарыз бағалы қағаздары БЖЗҚ портфеліне 10 жыл мерзім айналымға 2014 жылы қазанда сатып алынған. Ол кезде Ұлттық банкті Қайрат Келімбетов басқарып тұрған. Келімбетовтің өзі бұл мәлімдемеге қатысты түсінік бермеді. Ақышев БЖЗҚ активтерін әзербайжан банкіне салуға қатысты ішкі тексеріс материалдары "құқықтық бағасын беру үшін титісті органдарға тапсырылатынын" хабарлаған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG