Accessibility links

Әблязов эфирге шыққанда Facebook пен Instagram-ды қолдану қиындады


Көрнекі сурет.
Көрнекі сурет.

Қазақстанда интернет қолданушылары бейсенбі күні түс ауа Facebook, Instagram әлеуметтік желілеріне кіру қиындағанын хабарлап жатыр. Әлеуметтік желілерге кіру шетелде жүрген оппозициялық саясаткер, бұрынғы банкир Мұхтар Әблязов Facebook-те тікелей эфирде қолданушылар сұрақтарына жауап бере бастағанда қиындады. Интернет қолданушылары аталған желілерде видеоларды көру мүмкін емес екенін, Әблязов өткізіп жатқан тікелей эфир көрсетпей, даусы шықпай қалғанын айтады.

Қазақстанда Facebook-ке кіру Мұхтар Әблязов 25 мамыр күні тікелей эфирге шыққан кезде де қиындаған. Ол кезде де қолданушылар тікелей эфирдің дыбысы нашарлап, видео көрсетпей қалғанын жазған.

Қазақстандағы ең ірі байланыс операторы "Қазақтелеком" компаниясында Азаттыққа Facebook-те "іркіліс болмағанын", ал Instagram желісінде "ақау" шыққанын айтты.

Қазақстан соты 7 маусымда оппозициялық олигарх, БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әблязов "қаржы жымқырды" деп айыптап, сырттай 20 жылға соттаған. Бұрынғы банкир Азаттыққа берген қысқа сұхбатында "Қазақстан соты үкімінің Батыс елдерінде күші жоғын" мәлімдеп, мемлекет тағайындаған адвокатын "үкімге шағымданып, босқа шаршамауға" шақырған.

Францияда 2013 жылдың жазынан бері үш жылдан аса уақыт қамауда болған Мұхтар Әблязов 2016 жылы желтоқсанның 9-ы күні бостандыққа шыққан. Ол өзіне тағылған айыптарды мойындамайды.

Коррупцияға қарсы ұлттық бюроның мәлімдеуінше, БТА Банктен "Әблязов басқарған қылмыстық топ" жеті миллиард АҚШ долларынан астам қаражат жымқырған.

XS
SM
MD
LG