Accessibility links

Астанада "сот шешіміне наразы" топ адамды полиция ұстады


Сот шешіміне наразы Кенжеғайша Рақымбаева Министрліктер үйі алдында өзін шынжырмен байлап тұр. Астана, 22 тамыз 2016 жыл.
Сот шешіміне наразы Кенжеғайша Рақымбаева Министрліктер үйі алдында өзін шынжырмен байлап тұр. Астана, 22 тамыз 2016 жыл.

Астанада Ақорда маңында полиция наразылық танытпақ болған бір топ адамды ұстады деп хабарлайды Азаттық тілшісі.

Наразылық танытушылардың бірі Кенжеғайша Рақымбаева өздерінің мәселелеріне президент назар аударсын деген мақсатпен келіп тұрғандарын айтты.

- Бізге ешкім болыспайды. Жоғары соттың қағаздары, бас прокуратураның сырғытпа жауаптары ғана бар. Біз тек елбасымызға келіп тұрмыз, - деді Рақымбаева.

Алайда, наразылық танытушыларға президент резиденциясынан ешкім шықпады. Сәлден соң ол жерге барған полиция қызметкерлері "бұл жерде тұруға болмайтынын, қажетті адамдармен өздері кездестіретіндерін айтып, наразыларды көлікке тиеп алып кетті. Тек егде тартқан бір әйелді ғана полиция көліктеріне отырғыза алмады.

Азаттыққа өзін Владимир Александрович деп таныстырған адамның айтуынша, оларды полиция Ақорданың алдында президент әкімшілігіне наразылық хатын тапсырып шыққан соң ұстаған. Ол қазір өздерінің Есіл аудандық ішкі істер бөлімінде отырғанын, полиция әзірге өздерін ұстауға қатысты хаттама толтырмағанын айтты.

Наразылар "заңсыз сотталған жақындарына әділ шешім шығаруға Нұрсұлтан Назарбаев қана көмектесе алады" деген оймен бастарына көк орамал тағып келген.

Туыстарына шыққан сот шешіміне қарсылық танытып, Ақорда алдына барған сегіз адамның екеуі ер, алтауы әйел адам. Оларды арнайы жасақ Есіл аудандық полициясы бөліміне алып кетті.

Кеше Астанада туған-туыстарына байланысты сот шешімдеріне наразы жұрт бас қосып, Қазақстанның сот жүйесі мәселелерін талқыға салған. Жиынға алдын ала шақырылған ресми органдардан ешкім келмеді.

XS
SM
MD
LG