Accessibility links

"Терроризмді насихаттады" деп айыпталған әйелге түрме жазасын сұрады


"Терроризмді насихаттады" деп айыпталған Жанна Өмірова сот залында тұр. 29 мамыр 2017 жыл.
"Терроризмді насихаттады" деп айыпталған Жанна Өмірова сот залында тұр. 29 мамыр 2017 жыл.

Алматының Алмалы аудандық сотында Қапшағай қаласының 34 жастағы тұрғыны, "терроризмді насихаттады" деп айыпталған Жанна Өмірованың ісі бойынша сот процесінде жарыссөз өтті. Жауап алу және жарыссөз кезінде Жанна Өмірова өзіне тағылған айыпты жоққа шығарып, соттан өзін ақтауды сұрады. Өмірованың мемлекет тағайындаған адвокаты Құрманғали Мұқанов оның кінәсіз екенін айтып, жазасын жеңілдететін жағдайларын келтірді.

Прокурор Айдын Әкімханов Жанна Өміроваға "діни алауыздық тудыру" айыбы бойынша бас бостандығын шектеу жазасын, ал "терроризмді насихаттау" айыбы бойынша алты жыл сегіз айға бас бостандығынан айыру жазасын кесуді сұрады. Екі айыпты қоса есептегенде прокурор Өмірованы барлығы алты жыл сегіз ай бас бостандығынан айыру жазасын сұрады.

Жанна Өмірова биыл қаңтарда қамалған. Оның күйеуі Жақшыбек Бимурзаев "терроризмді насихаттады" деген айыппен 25 жылға сотталған. Оның түрмеде жазасын өтеп жатқанына ендігі он жыл болды. Бұған дейін Жанна Өмірова түрмеге күйеуімен кездесуге ұдайы барып тұрған. Өмірованың кәмелет жасына толмаған екі баласы бар. Оларды Жанна Өмірованың 65 жастағы анасы Күләш Өмірова бағып отыр.

Тергеу болжамы бойынша, Жанна Өмірова тыйым салынған діни аудиодәрістерді әлеуметтік желілер арқылы таратумен айналысқан. Сарапшылар ол аудиодәрістер "Солтүстік Кавказда әрекет еткен террористік топтың өкілі Саид Бурятскийдің үндеулері" деген қорытынды жасаған. Алматының Алмалы аудандық қылмыстық істер соты оның ісін мамырдың 18-інде қарай бастаған.

  • 16x9 Image

    Қазис ТОҒЫЗБАЕВ

    Қазис Тоғызбаев 2008 жылғы қыркүйектен бастап өмірінің соңына, яғни 2021 жылғы 28 ақпанға дейін Азаттықтың Алматыдағы тілшісі ретінде еңбек етті. Азаттыққа дейін оппозициялық "Сөз" және "Азат" газеттерінде, kub.info сайтында тілші болған.

XS
SM
MD
LG