Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) "террористік шабуыл" жасауға дайындалды деген күдіктінің ұсталғанын мәлімдеді. Арнайы қызметтің мәліметінше, 6 маусымда ұсталған М.А. есімді азамат "халық көп жиналатын орында өзін-өзі жарып жарылыс жасауға дайындалған" және халықаралық террористік ұйымның нұсқауымен әрекет еткен.
МҰҚК хабарламасында ұсталған күдіктінің тұрғылықты жерінен жарылғыш құрылғының бөлшектері, оны дайындауға арналған нұсқаулықтар, әскери граната, түрлі калибрлі оқ-дәрі табылғаны айтылады. Күдікті МҰҚК изоляторына қамалып, тергеу басталған.
Өткен жылы 30 тамызда Бішкекте жанкешті Қытай елшілігінің қақпасын көлігімен соғып өтіп, өзін-өзі жарып жіберген. Шабуылдан жанкештінің өзі мерт болып, үш адам жараланған. Билік ол шабуылды теракт деп мәлімдеп, шабуылды ұйымдастырғандар Түркияда жасырынып жүрген болуы мүмкін деп мәлімдеген.
Қырғызстанда 20 ұйым террористік деп танылып, қызметіне тыйым салынған. Биліктің мәліметінше, Қырғызстанның 600-ге тарта азаматы Сирия мен Иракта экстремистік ұйымдар сапында соғысып жүр.