Accessibility links

Трамп: АҚШ НАТО келісімінің 5-бабына адал болып қалады


Румыния президенті Клаус Йоханнис (сол жақта) пен АҚШ президенті Дональд Трамп. Ақ үй, Вашингтон, 9 маусым 2017 жыл.
Румыния президенті Клаус Йоханнис (сол жақта) пен АҚШ президенті Дональд Трамп. Ақ үй, Вашингтон, 9 маусым 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп өз елі НАТО ұйымы туралы келісімнің 5-бабына адал болып қалатыны туралы мәлімдеді. Ол мұны маусымның 9-ы күні Вашингтонда Румыния президенті Клаус Йоханниспен бірге берген баспасөз мәслихатында журналистер сұрағына жауабында айтқан. Аталған бапта НАТО елдерінің біріне жасалған шабуыл ұйымға мүше өзге елдердің барлығына қарсы шабуыл болып саналатыны туралы айтылған.

Бұған дейін Брюссельде өткен НАТО елдері саммитінде Трамптың мұндай мәлімдеме жасамаған еді, сол үшін кейін одақтастары сындарлы пікір білдірген.

Жұма күні Ақ үйдегі кездесуде Трамп Румынияның терроризмге қарсы күреске қаржылай үлес қосуын және Ауғанстандағы АҚШ жетекшік ететін халықаралық коалициядағы атқаратын ролін құптайтынын мәлімдеген. Сонымен бірге АҚШ президенті бірлескен қорғанысты нығайтуға және терроризммен күреске қосқан үлесі үшін румын халқына алғысын білдірген.

Оның айтуынша, Румыния «Ислам мемлекеті» экстремистік тобына қарсы күресіп жатқан коалицияның лайықты мүшесі және сарбаздарының саны жағынан Ауғанстандағы коалицияға қатысушылар арасында төртінші орында тұр.

Трамп Румынияның НАТО бюджетіне осы кезге дейін елдің жалпы ішкі өнімінің 1,4 пайызы мөлшерінде қосып келген үлесін екі пайыздан асыру туралы шешімін атап өтті. Ол ұйымға мүше басқа елдер Румыниядан үлгі алады деп үміттенетінін айтты. Бұған дейін Трамп НАТО-ға мүше әр ел ұйымға қосатын үлесін көбейтуі тиіс деп бірнеше рет мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG