Accessibility links

АҚШ пен Франция басшылары британ премьерімен телефонмен сөйлесті


Франция президенті Эммануэль Макрон (солдан оңға), АҚШ президенті Дональд Трамп және Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй "үлкен жетілік" саммиті кезінде. Италия, 26 мамыр 2017 жыл.
Франция президенті Эммануэль Макрон (солдан оңға), АҚШ президенті Дональд Трамп және Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй "үлкен жетілік" саммиті кезінде. Италия, 26 мамыр 2017 жыл.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Франция президенті Эммануэль Макрон Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэймен телефон арқылы сөйлесіп, оған қолдау білдірген. Бұл туралы британ премьерінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап Reuters хабарлады.

Трамп АҚШ пен Ұлыбритания арасындағы "ерекше қарым-қатынасты" одан ары дамытуға бейілдігін және бұдан кейінгі жылдары "ортақ мақсат пен мүддеге" бірлесіп жұмыс істеуге әзір екенін білдірген.

Дональд Трамп АҚШ президенті қызметіне кіріскен соң Ақ үйде онымен кездескен алғашқы шет мемлекет жетекшісі Тереза Мэй болатын. АҚШ мемлекеттік департаменті Мэйді "адал одақтас" деп атаған.

"Франция президенті Эммануэль Макрон премьер-министрді құттықтап, оның жақын әріптес болып қалғанына қуанышты екенін айтты" деп мәлімдеген британ үкімет жетекшісінің баспасөз қызметі.

Тереза Мэй жұма күні Ұлыбритания патшайымы екінші Елизаветамен кездескеннен кейін, Солтүстік Ирландияның демократиялық юнионистік партиясымен бірлесіп коалиция құратыны туралы мәлімдеген.

Ұлыбританияда маусымның 8-і күні өткен кезектен тыс парламент сайлауының нәтижесі бойынша, премьер Тереза Мэйдің консерваторлар партиясы қауымдар палатасындағы 318 орынды иеленді. Мұның алдында билік партиясында 330 мандат болған еді. Бұл жолғы сайлауда лейбористер 262 орын, Шотландия ұлттық партиясы – 35, либерал-демократиялық партия – 12, демократиялық юнионистік партия – 10, Уэльс партиясы – 3 және жасылдар партиясы – бір орын алған. Ешбір партия өздігімен үкімет жасақтауға қажетті басым көпшілік дауысқа ие болмаған.

XS
SM
MD
LG