Accessibility links

Bloomberg: Трамп пен Путин шілденің басында кездесуі мүмкін


Дональд Трамп және Владимир Путин. Фотоколлаж.
Дональд Трамп және Владимир Путин. Фотоколлаж.

АҚШ президенті Дональд Трамп пен Ресей президенті Владимир Путин шілденің басында Германияның Гамбург қаласында өтетін «Үлкен жиырмалық» саммиті кезінде алғаш рет кездесуі мүмкін. Бұл туралы АҚШ әкімшілігі өкіліне сілтеме жасап Bloomberg агенттігі хабарлады.

Бұл кездесудің қандай форматта өтетіндігі және онда қандай мәселелер талқыланатыны туралы билік өкілі ашып айтпаған.

Бұған дейін Трамп пен Путиннің Гамбургтегі саммитте келіссөз өткізуі мүмкін екені туралы Ресей президентінің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков та айтқан, алайда ол ықтимал кездесуге қатысты әзірше «еш нақтылық» жоғын да жеткізген.

Әлем бойынша экономикасы ең ірі жиырма елдің жетекшілері биылғы шілденің 7-і мен 8-і күндері Германияда бас қосады.

Қазір АҚШ-та өткен жылғы президент сайлауына Ресейдің ықтимал араласуына қатысты тергеу жүріп жатыр. Осы сайлау нәтижесі бойынша Дональд Трамп АҚШ президенті болып сайланғандықтан, Ақ үйдің қазіргі әкімшілігі өкілдерінің Ресеймен кез-келген байланысына баспасөз құралдары мен Конгрестегі демократиялық оппозиция жіті назар аударады.

XS
SM
MD
LG