Accessibility links

Мәскеу түбінде полиция "төрт кісінің қазасына күдіктіні" атып өлтірген


Ресей полициясының арнайы жасағы. (Көрнекі сурет.)
Ресей полициясының арнайы жасағы. (Көрнекі сурет.)

Мәскеу түбіндегі Кратово кентінде сенбі күні полиция жүргізген арнайы операция барысында "төрт кісіні атып өлтірген" деген күдікке ілінген адамның көзі жойылған деп хабарлайды ресейлік агенттіктер. Арнайы операция кезінде бейбіт тұрғындар да зардап шеккені туралы хабарланды.

Бұған дейін маусымның 10-ы күні Кратовода белгісіз ер адам "Сайга" аңшы мылтығынан көшедегі адамдарға оқ атып, салдарынан төрт адам қаза тапқаны туралы ақпарат тараған. Полиция қоршауға алған күдіктінің үйінен өрт шығып, ол адам із жасырған. Кейін полиция оның орман ішінде жасырынған жерін анықтаған.

Полиция мен Росгвардия күштерінің бірлескен арнайы операциясы бірнеше сағатқа созылған. "Күдікті өз еркімен берілуден бас тартып, оқ атқан, гранат лақтырған" деп мәлімдеген Ресей ішкі істер министрі Владимир Колокольцев.

Оның сөзінше, арнайы жасақтың төрт мүшесі жеңіл жараланған. "Сонымен бірге арнайы операция аймағына тап болған бейбіт тұрғындар да зардап шекті" деген министр нақты қанша адам жараланғаны туралы ашып айтпаған.

Ресей тергеу орындары Кратово кентіндегі оқиғаға байланысты қылмыстық кодекстің "Екі және одан көп адамды өлтіру", "Полиция өкілінің өміріне қол сұғу" және "Заңсыз қару сақтау" баптары бойынша іс қозғаған.

XS
SM
MD
LG