Сирия демократиялық күштерінің қарулы жасақтары – АҚШ қолдайтын күрд-араб коалициясы Сирияда Ракка қаласының шығыс бөлігіндегі бір ауданнан "Ислам мемлекеті" экстремистік тобы жихадшыларын ығыстырған.
Осыдан бірнеше күн бұрын Ракканы қарулы экстремистерден азат ету мақсатында басталған шабуыл қаланың үш жағында жүріп жатыр. Бұған дейін Ракканың батыс бөлігіндегі аудандардың бірі азат етілген. Қазір қаланың солтүстік жағындағы әскери база үшін шайқасып жатыр.
300 мыңға жуық тұрғыны бар Ракка қаласы "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының Сирия жеріндегі ең ірі тірегі саналады. Сириялық адам құқығын бақылау орталығының мәліметі бойынша, Ракка үшін шайқас барысында коалиция күштерінің әуе соққысынан қаза тапқандар арасында бейбіт тұрғындар бар. Шабуыл кезінде ондай құрбандар саны елу адамнан асқан.