Accessibility links

Мәскеуде "Роснано" компаниясының топ-менеджері ұсталған


Ресейлік "Роснано" компаниясының белгісі.
Ресейлік "Роснано" компаниясының белгісі.

Ресей астанасында "Роснано" мемлекеттік корпорациясының инвестициялық қызмет жөніндегі басқарушы директоры Андрей Горьков ұсталған деп хабарлайды Азаттықтың Орыс қызметі. Ресей тергеу комитетінің ақпараты бойынша, "Роснано" топ-менеджері "қызмет бабын теріс пайдаланып, 700 миллион рубльден астам соманың зиянын келтірген" деген күдікпен ұсталған.

Тергеу болжамы бойынша, 2011 жылдан 2013 жылға дейінгі аралықта Горьков компания қаржысын "Смоленский Банк" қаржы ұйымына орналастырған. Ал 2014 жылы аталған банк банкроттыққа ұшырар алдында ондағы активтерді өз бауырының пайдасына аударған.

Ресей тергеу комитетінің баспасөзге арналған хабарламасында ішкі істер министрлігінің экономикалық қауіпсіздік басқармасы қызметкерлері мен Ресей федералдық қауіпсіздік қызметі өкілдері Горьковты "шетелге билет алып жатқан кезде" ұстағаны айтылған.

"Роснано" корпорациясы да, Андрей Горьковтың өзі немесе өкілдері де әзірше бұл оқиғаға қатысты ешқандай мәлімдеме жасаған жоқ.

Ресейде 2007 жылы құрылған, бұрынғы үкімет мүшесі Анатолий Чубайс басқаратын "Роснано" мемлекеттік корпорациясы нанотехнологияны дамытуға арналған жобаларды қаржыландырумен айналысады. Компанияның бұрынғы басшысы Леонид Меламед пен бұрынғы қаржы директоры Святослав Понуров «қаржыны талан-таражға салған» деген айып тағылып, үйқамақта отыр.

XS
SM
MD
LG