Accessibility links

Ливиядағы топ Муаммар Каддафидың ұлын қамаудан босатты


Ливияның бұрынғы жетекшісі Муаммар Каддафидың ұлы Сейф әл-Ислам Каддафи.
Ливияның бұрынғы жетекшісі Муаммар Каддафидың ұлы Сейф әл-Ислам Каддафи.

Ливияның 2011 жылы биліктен тайдырылып, өлтірілген бұрынғы басшысы Муаммар Каддафидың ұлы Сейф әл-Ислам Каддафиді елдегі қарулы топтардың бірі босатты.

Каддафидың ұлы алты жылдан бері Зинтан қаласында түрмеде отырған. Оны күзеткен қарулы топ Сейф әл-Ислам Каддафиге өлім жазасын кескен Триполидегі соттың үкімін орындаудан және тұтқынды ресми билікке беруден бас тартқан.

Каддафидың заңгерлері мен тұтқынды күзеткен "Абу Бакр ас-Сиддик" тобы мүшелерінің мәлімдемесінде Сейф әл-Ислам Каддафидың өткен жылы елдің шығысындағы Тобрук қаласында парламент қабылдаған рақымшылық туралы заңға сәйкес бостандыққа шыққаны айтылған. Бұл парламент Ливияның халықаралық қауымдастық мойындаған Триполидегі үкіметіне бағынбайды. Іс жүзінде елдің шығысында ресми үкіметтің билігі жүрмейді.

Әкесі Муаммар Каддафидың көзі тірісінде оның жақын серіктерінің бірі болған Сейф әл-Ислам Каддафиге Гаагадағы халықаралық қылмыстық істер жөніндегі сот Ливияда 2011 жылғы азамат соғысы кезіндегі қылмыстарға қатысты айыптар таққан.

Сейф әл-Ислам Каддафидың қазір қайда екені белгісіз. Кейбір хабарларда оның Ливияның солтүстік-шығысындағы әл-Байда қаласына кеткені айтылады.

XS
SM
MD
LG