Accessibility links

Катар араз мемлекеттер азаматтарын елден қумайтынын мәлімдеді


Катар астанасы Доха қаласындағы шет мемлекеттердің дипломатиялық өкілдіктері ораласқан аудан. (Көрнекі сурет)

Катар үкіметі 12 маусым күні дипломатиялық байланысты үзген Парсы шығанағындағы көріш елдердің азаматтары өз территориясында қала беретінін айтты. Араздасқан көрші елдер Катар мемлекетіне блокада жариялаған еді.

Сауд Арабиясы, Біріккен Араб Әмірліктері, Бахрейн және Парсы шығанағындағы тағы бірқатар елдер Катармен әуе, су және құрлық қатынастарын тоқтатқан еді. Бұл елдер Катар үкіметін экстремистік топтарды қолдап отыр деп айыптаған. Олардың бірқатары өз аумақтарынан Катар азаматтарының кетуін талап еткен.

АҚШ президенті Дональд Трамп Катарға қарсы бұл шараларды қолдайтынын мәлімдеген. Оның бұл мәлімдемесін АҚШ-тың басқа шенеуніктері, соның ішінде бұл елдің мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон жуып-шаюға тырысты. Катарда АҚШ-тың ірі әскери базасы орналасқан.

Катар үкіметі террорды қолдайды деген айыптың негізсіз екенін мәлімдеп, арада туған араздықты ұмыту үшін келіссөздер жүргізуге даяр екенін хабарлаған.

Катар мемлекеттік медиасы "Араздық науқанын бастап, дипломатиялық байланысты үзген көрші елдердің Катарда тұратын азаматтарына қарсы шаралар қолданылмайды" деп хабарлады.

Иранның тасымал саласындағы ұлттық компаниясы 11 маусым күні көрші елдердің блокадасынан зардап шегіп отырған бұл елге азық-түлік тиелген бес жүк ұшағын аттандырғанын хабарлады. Иран көрші елдер әуе жолдарын жапқаннан кейін Катар әуе желілеріне өзінің әуе кеңістігін ашып берді.

Пікіріңіз

Оқырман пікірлері

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG