Украина журналистерінің ұлттық кеңесі елдің шығысындағы Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының арнайы мониторинг жүргізетін миссиясы мен халықаралық Қызыл Крест комитетінен маусымның 2-і күні жоғалып кеткен украиналық журналист Станислав Асеевті іздеуге жәрдем сұрады. Мақалаларын "Васин" деген бүркеншік атпен жазатын Станислав Асеевтің отбасы, достары мен әріптестері, соның ішінде "Азат Еуропа/Азаттық радиосының" Украин қызметі де журналистің байланысқа шықпағанына бір аптадан асқанын мәлімдеген.
Асеевтің досы, Украина парламентінің бұрынғы мүшесі Егор Фирсов Facebook әлеуметтік желісінде жариялаған екі постында журналисті Донецкіде ресейшіл сепаратистер ұстап, жібермей отырған болуы мүмкін деп жазған. "Азат Еуропа/Азаттық радиосының" бас редакторы Ненад Пежичтің сөзінше, егер бұл ақпарат рас болса, онда журналистің өміріне қауіп төніп тұруы ықтимал.
"Оны дереу босатуды және қауіпсіздігіне кепілдік беруді талап етеміз" деген Ненад Пежич.
Украиналық бірқатар басылымдармен әріптестік орнатқан Станислав Асеев мақалаларында ресейшіл сепаратистер бақылауындағы территориялар және Украинаның басқа да аймақтары туралы жазып жүрген. Сонымен бірге ол Украинадағы жанжалға қатысты материалдар жариялаған.