Accessibility links

СІМ өкілі "Қырымсыз Украина" картасына қатысты түсініктеме берді


Астананың орталығындағы экспозиция.

Қазақстан сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Мұхтар Тілеуберді Астанадағы Украина елшілігінің "Ресей картасындағы Қырым" туралы мәлімдемесіне қатысты берген комментарийінде мәселені "саясиландырмауға" шақырған.

"Біріншіден, бұл оқиғаны саясиландырудың қажеті жоқ. Инсталяция болған, бірақ ол әлдебір шығармашылық ұжымның туындысы, тиісінше, онда ешқандай саяси пиғыл болмаған. Сірә, суретшілер саяси қырына үңіліп жатпай, шығармашылық тұрғыдан келген тәрізді" деп мәлімдеген Мұхтар Тілеуберді сейсенбі күні журналистерге. Оның сөзінше, даулы жұмыстардың ықтимал авторлары "кінәсін мойындап", Украина елшілігіне "ресми түрде кешірім сұрайтыны" туралы хат жолдаған.

Маусымның 12-і күні Украинаның Қазақстандағы елшілігі Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялаған мәлімдемесінде Астана орталығында тұрған инсталляциялардағы глобустарда Ресей картасы 2014 жылы Мәскеу аннексиялап алған Украинаның Қырым түбегімен берілгеніне байланысты наразылық білдірген. Украина аумағы көрсетілген картаға Қырым түбегі енгізілмеген. Украина елшілігі өкілдері бұл мәселеге байланысты Қазақстан сыртқы істер министрлігіне нота жолдағанын мәлімдеген.

"Астанадағы Нұржол бульварында Astana Art Fest фестивалі аясында Украина картасында - территориялық тұтастығын бұзатын, ал Ресей картасында - Украинаның мемлекеттік егемендігін бұзатын белгілер бар. Украина тарабы Қазақстан сыртқы істер министрлігінен түсініктеме және іс-әрекет күтеді" делінген дүйсенбінің кешінде жарияланған Астанадағы Украина елшілігінің мәлімдемесінде.

Украина елшілігінің баспасөз-хатшысы Ирина Блащук Азаттыққа маусымның 13-і күні таңертең Астананың орталығына барғанда даулы карталарды бояп тастағанын көргенін айтты. "Ресей глобусында" картаның орнына енді Василий Блаженный храмы, ал "Украина глобусында" - көк аспан, дала мен Украина ұлттық гербі салынған деп хабарлады украин елшілігі өкілі.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG