Accessibility links

"Политковскаяның қазасы" ісі бойынша сотталған адам түрмеде көз жұмған


"Новая газета" басылымы редакциясы орналасқан ғимарат сыртына ілінген журналист Анна Политковскаяның суреттері. Мәскеу, 7 қазан 2016 жыл.
"Новая газета" басылымы редакциясы орналасқан ғимарат сыртына ілінген журналист Анна Политковскаяның суреттері. Мәскеу, 7 қазан 2016 жыл.

Ресейлік журналист Анна Политковскаяны өлтіруді ұйымдастырған деген айыппен 2006 жылы сотталған Шешенстан тумасы Лом-Али Гайтукаев түрмеде қайтыс болған. Бұл туралы оның туыстарына сілтеме жасап бүгін «Кавказский узел» сайты хабарлады. Гайтукаевтың туыстары Ресейдің Вологда облысындағы айрықша тәртіптегі түрмеде жазасын өтеген тұтқын ұрып-соғудың салдарынан көз жұмған болуы мүмкін деген жорамал айтады. Марқұмның туысы Темирлан Гайтукаевтің сөзінше, ол түрмедегі ағасымен жүздескен кезде оның денесінен жарақат іздерін байқаған.

Гайтукаевтың адвокаты Елена Харионовская бұған дейін қорғауындағы адам 2015 жылы түрмеде соққыға жығылған болуы мүмкін деген күдікпен қамау мекемесі әкімшілігін қылмыстық жауапкершілікке тартуға тырысқанын, бірақ заң орындары қылмыстық іс қозғаудан бас тартқаны туралы айтты. Адвокаттың сөзінше, сот тұтқынды ұрып-соғу фактісі дәлелденбегенін алға тартқан. 2015 жылы қарашада Гайтукаев түрменің емдеу бөліміне ауыр халде түскен.

Харионовская түрмеде қайтыс болған Гайтукаевтың сүйегі туыстарына маусымның 13-і күні берілетіні туралы хабарлаған.

2014 жылы Лом-Али Гайтукаев пен Шешенстанның тағы бір тумасы Рустам Махмудов 2006 жылы Мәскеудегі үйінің алдында атып өлтірілген

ресейлік журналист Анна Политковскаяның қазасына байланысты айып бойынша өмірлік түрме жазасына кесілген. Осы іс бойынша жауапқа тартылған тағы үш адам – бұрынғы полиция қызметкері Сергей Хаджикурбанов пен шешенстандық ағайынды Ибрагим және Жабрайыл Махмудовтарға 12 жылдан 20 жылға дейінгі мерзімге түрме жазасы тағайындалған.

XS
SM
MD
LG