Accessibility links

Қостанайда екі полиция қызметкеріне "азаптау" айыбы тағылған


Қостанай облысындағы Рудный қаласында 19 жастағы студент Елена Царегородцеваны азаптаған деген айып тағылған екі полиция қызметкерінің үстінен қылмыстық іс бойынша сот басталды.

Тергеу материалында Рудный қалалық ішкі істер басқармасы қылмыстық бөлімінің жедел қызметкерлері Евгений Охотниченко мен Рашид Абедчановтың биылғы ақпанның 4-і күні жергілікті зейнеткердің "160 мың теңгемді, фотоаппаратым мен ұялы телефонымды ұрлап кетті" деген арызы бойынша Рудный қаласындағы тау-кен техникалық колледжінің студенті Елена Царегородцеваны ұстап, полиция басқармасына әкелген соң, "өздерінің қызмет жағдайын пайдаланып күдіктіні азаптағаны" айтылған. Тергеу болжамы бойынша, полиция өкілдері Царегородцеваны "өзгенің мүлкін ұрладым деп мойындату үшін оған су-тамақ ішуге, әжетін өтеуге мүмкіндік бермей, ар-намысына тіл тигізіп, өзін және әкесін түрмеге отырғызатындарын айтып қорқытқан". Сонымен бірге, тергеу материалында "полиция қызметкерлерінің бірі бірнеше рет ұрғаннан кейін Елена Царегородцеваның еденге құлап түскені" жазылған. Царегородцева бірнеше ай бойы зейнеткердің үйін тазалаушы болып жалданып жұмыс істегенін, ол үйден ештеңе алмағанын, бірақ, полициядағы тергеуден кейін әлгі ұрлықты мойнына алғанын айтады.

Жергілікті Alau.kz сайты маусымның 8-і күні сотта сөйлеген сөзінде Елена Царегородцеваның "үйін тазалаған зейнеткер маған сөз салды және қорқытты" деген сөзін келтірген. Ақпанның 4-і күні полициядағы тергеуден үйіне оралғаннан кейін бойжеткен "10 түйір феназепам және 8 дана цитрамон ішіп алған". Кейін ес-түссіз халде ауруханаға жеткізілген оған дәрігерлер "дәріден уланған" деген диагноз қойған.

Ақпанның 8-індегі сот-медициналық сараптамасы Елена Царегородцеваның денесіне түскен жарақат іздері - "денсаулыққа жеңіл дәрежелі нұқсан келтіру" деген қорытынды жасаған.

Полиция қызметкерлері "азаптау" және "адамды өзіне қол жұмсауға дейін жеткізу" баптары бойынша өздеріне тағылған айыптарды жоққа шығарады.

  • 16x9 Image

    Светлана ГЛУШКОВА

    Светлана Азаттықтың Астана бөліміндегі тілші болып 2010 жылдан бастап істей бастады. Жоғары білімді ҚарҰУ-де алған. Жеті жыл қалалық жәнереспубликалық арналарда тілші және редактор ретінде тәжірибе жинаған.

XS
SM
MD
LG