Қазақстанда ВИЧ жұқтырған 15 бала арнайы емді қабылдамай жүр. Бұл туралы бүгін Азаттыққа Шымкентте өтіп жатқан халықаралық семинарда республикалық СПИД орталығының департамент басшысы Сайранкүл Қасымбекова айтты.
ЮНИСЕФ-тің ұйымдастырумен өтіп жатқан семинарға қатысып жатқан Сайранкүл Қасымбекованың айтуынша, Қазақстанда 430 бала ВИЧ жұқтырған. Олардың 15-і арнайы ем қабылдамай жүр.
- Балалардың ата-анасы ем қабылдатудан бас тартып отыр. Ата-аналар ем қабылдамаудың себебін айтпайды не діни сеніммен байланыстырады. 15 баланың 9-ы Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғындары. Аймақта бұл мәселе өзекті болып тұр. Заң бойынша, СПИД орталығы мен жергілікті әкімдіктер балалардың ата-аналарын ата-ана құқығынан айыруға хақы бар. Мұны сот шешеді. Біз балалардың құқығын қорғауға міндеттіміз. Ата-аналар балаларын емдетуге міндетті, - дейді департамент басшысы.
Сайранкүл Қасымбекова ем қабылдамай жүрген ВИЧ жұқтырған балалардың жас шамасы 1-15 жас аралығында екенін айтады.