Accessibility links

"Терроризмді насихаттады" деп айыпталған әйел бес жылға сотталды


Жанна Өмірова өзіне оқылған сот үкімін тыңдап тұр. Алматы, 14 маусым 2017 жыл.

Алматының Алмалы сотының судьясы Қайрат Иманқұлов Қапшағай қаласының тұрғыны Жанна Өмірованы "діни алауыздық тудырды" және "терроризмді насихаттады" деп айыптап, бес жылға соттады. 14 маусым күні кешке үкім оқылған сәтте сот залында прокурор отырды, бірақ Өмірованың адвокаты болған жоқ. Үкім оқылған соң Жанна Өмірова Азаттық тілшісіне үкімге апелляциялық шағым беретінін айтты.

Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы Қайрат Иманқұлов Жанна Өміроваға үкім оқып тұр. 14 маусым 2017 жыл.
Алматының Алмалы аудандық сотының судьясы Қайрат Иманқұлов Жанна Өміроваға үкім оқып тұр. 14 маусым 2017 жыл.

Кеше үкім оқылғанға дейін Жанна Өмірова соттағы соңғы сөзін айтқан. Өмірова соттан өзіне түрмеге қамайтын айыптау үкімін шығармауды, өзінің кәмелетке толмаған екі баласы барын, жесір анасының ауыр науқас екенін ескеруді сұраған. Өмірова сонымен қатар өзіне қарсы істі ҰҚК қызметкерлері "қолдан жасағанын" және өзінің діни алауыздық тудырмағанын, терроризмді насихаттамағанын айтқан.

Жанна Өмірова биыл қаңтарда қамалған. Оның күйеуі Жақшыбек Бимурзаев "терроризмді насихаттады" деген айыппен 25 жылға сотталған. Оның түрмеде жазасын өтеп жатқанына ендігі он жыл болды. Бұған дейін Жанна Өмірова түрмеге күйеуімен кездесуге ұдайы барып тұрған. Өмірованың кәмелет жасына толмаған екі баласы бар. Оларды Жанна Өмірованың 65 жастағы анасы Күләш Өмірова бағып отыр.

Тергеу болжамы бойынша, Жанна Өмірова тыйым салынған діни аудиодәрістерді әлеуметтік желілер арқылы таратумен айналысқан. Сарапшылар ол аудиодәрістер "Солтүстік Кавказда әрекет еткен террористік топтың өкілі Саид Бурятскийдің үндеулері" деген қорытынды жасаған. Алматының Алмалы аудандық қылмыстық істер соты оның ісін мамырдың 18-інде қарай бастаған.

AzattyqTV

Аудиоподкаст

XS
SM
MD
LG