Вашингтон сыртындағы бейсбол алаңында болған атыстан жараланған бес адамның бірі, республикашыл конгресмен Стив Скализге операция жасалып, ауыр халде ауруханада жатыр. Оқ атқан адамның көзі жойылды. Атыс қайырымдылық мақсатында өткізілетін матчқа дайындық кезінде болды. Луизиана штатынан сайланған, өкілдер палатасындағы республикашылдардың шені ең жоғары үшінші өкілі Стив Скализ қабырғасынан жараланған.
Кейбір мәліметтер бойынша, өзге зардап шеккендердің жарақаттары өмірлеріне қауіп төндірмейді. Оқ атқан адам делінген 66 жастағы Джеймс Т.Ходжкинсон Капитолийдің екі полицейі мен Техас штатынан сайланған конгресмен Роджер Уильямсті жаралады. Ақ үйден телеарнадан сөйлеген президент Дональд Трамп "Егер екі полиция қызметкері шабуылдаушының қолынан жараланғанына қарамастан оның көзін жанқиярлықпен жоймағанда көп адамнан айырылатын едік" деп мәлімдеді.