Accessibility links

Жаманқұлов: Сот үкіміне шағымданамын


Қазақстан халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов сот залынан шыққаннан кейін журналистерге сұхбат беріп тұр. Алматы, 1 маусым 2017 жыл.

Актер әрі продюсер, "Феникс" көркем фильмін түсіруге мемлекеттен бөлінген қаржыны жымқырды" деген айыппен шартты жаза кесілген Тұңғышбай Жаманқұлов сот үкіміне апелляциялық шағым түсіретінін мәлімдеді. Азаттық тілшісінің хабарлауынша, Жаманқұлов бұл туралы Алматыда өткізген баспасөз конференциясында айтты.

Жаманқұлов жиында өзіне қарсы іске мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлын айыптап, қудалауға "соның қатысы барын", Алматыдағы Жүргенов атындағы өнер академиясында жүргенде араз болғанын айтты.

Алматының Медеу аудандық соты 1 маусымда Тұңғышбай Жаманқұловты "сеніп тапсырылған өзгенің мүлкін иеленген немесе талан-таражға салғаны" үшін айыпты деп танып, үш жарым жыл мерзімге шартты жаза кескен. Онымен бірге "Қазақфильм" компаниясының бұрынғы топ-менеджері Гауһар Ысқақова, фильмнің режиссері Талғат Жәнібеков, продююсері Наталья Юдина да шартты түрде сотталған.

"Феникс" ісіне байланысты сот процесі 2017 жылғы наурыздың 9-ы күні басталған. Қылмыстық іс бойынша тоғыз адам "мемлекеттен кино түсіруге бөлінген 69 миллион теңгеге жуық қаржыны жымқырған" деген айыппен сотқа тартылған.

Сотталғанға дейін Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бірнеше рет көмек сұраған Тұңғышбай Жаманқұлов сот залынан шыққаннан кейін "президентке өкпелі" екенін айтқан.

  • 16x9 Image

    Асылхан МАМАШҰЛЫ

    1973 жылы 22 сәуірде дүниеге келген. 1994 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда пединститутын бітірген. 1997-2000 жылдары әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің аспирантурасында оқыған. "Қазақ энциклопедиясы" баспасында (2001-2007), республикалық "Ана тілі" газетінде (2007-2009) , "ABDI-press" орталығында (2009-2010) жұмыс істеген. 2011 жылдан Азаттық радиосының тілшісі.

    Тарихи, саяси мәселелер тақырыбында жазады, белгілі тұлғалардың саяси портреттерін жасайды. Автормен оның Facebook парақшасында да пікірлесуіңізге болады.

XS
SM
MD
LG