Accessibility links

Сербия премьері болып алғаш рет ЛГБТ өкілі тағайындалуы мүмкін


Ана Брнабич, Сербия премьер-министрлігіне кандидат.
Ана Брнабич, Сербия премьер-министрлігіне кандидат.

Сербия президенті Александр Вучич елдің премьер-министрі қызметіне Ана Брнабичті ұсынды. Брнабичтің кандидатурасы бекітілсе, онда ол Балқан түбегіндегі премьер-министр қызметін иеленген алғашқы ЛГБТ (лесби, гей, бисексуал және трансгендер) қоғамының өкілі, ал Сербия тарихындағы алғашқы әйел премьер болмақ. Оның кандидатурасын келесі аптада Сербия парламенті мақұлдауы тиіс. Президент Вучич өз шешімін "күрделі және Сербия мен оның халқының мүддесі тұрғысынан қабылданған" деп атады.

Ана Брнабич қазір үкіметте қоғамдық саясат және жергілікті билік органы министрі қызметін атқарады. Құқық қорғау ұйымдары Брнабичтің бұл қызметке ұсынылуын құптап, оны ЛГБТ өкілдері кемсітушілікке, қуғындау мен зорлыққа жиі ұшырайтын ел үшін тарихи оқиға деп атады. Реформашыл саясаткерге айналған бұрынғы ұлтшыл Вучич елдің Еуропа Одағына қосылуын жылдамдатып, гейлердің құқығын қорғауды жақсартуға уәде берді. Вучич мамырдың соңында Томислав Николичтің орнына президент болған.

41 жастағы Брнабич АҚШ пен Ұлыбританияда білім алған, қоғамдық саясат бойынша маман саналады. 2006 жылы ол Жергілікті экономикалық дамудың ұлттық альянсын құрып, министр болып тағайындалғанға дейін осы ұйымды басқарды. Брнабич сонымен қатар USAID бағдарламасының үйлестірушісі қызметін атқарды. 2013 жылы Сербияда жылдың үздік әйел бизнесмені деп танылды.

XS
SM
MD
LG