Accessibility links

Назарбаев: ЖІӨ көлемін есептеу әдісін қайта қарау керек


Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Нобель сыйлығының лауреаттарымен кездесіп тұр. Астана, 16 маусым 2017 жыл.
Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев (оң жақта) Нобель сыйлығының лауреаттарымен кездесіп тұр. Астана, 16 маусым 2017 жыл.

Мемлекеттердің байлығы мен олардың азаматтарының әл-ауқатын бағалайтын көрсеткіштерді есептеудің жаңа әдістерін ойлап табу керек деп мәлімдеді Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев. Бүгін оныншы Астана экономикалық форумында сөйлеген Назарбаев тұрғындардың жан басына шаққандағы жалпы ішкі өнім көлемін есептеу тәсілдерін қайта қарау керегін айтты.

"Барлығымыз жиі қолданатын ЖІӨ көрсеткішінің бірқатар кемшіліктері бар. Ол экономикалық іс-қимылдың ұзақ мерзімдік мазмұнын көрсете алмайды, қоршаған ортаға келтірілетін зиянды, оның ішінде табиғи ресурстардың сарқылуын есептемейді" деді Қазақстан президенті.

Назарбаевтың пікірінше, жан басына шаққандағы ЖІӨ азаматтардың шынайы әл-ауқатын көрсете алмайды және тұрғындардың табысы бойынша жіктелуін ескермейді.

15 маусымда басталған екі күндік форумға жүзге тарта мемлекеттен төрт мыңға тарта делегат, оның ішінде бизнесмендер, компаниялар басшылары, саясаткерлер мен журналистер, Нобель сыйлығының лауреаттары қатысып жатыр. Форумда 40 шақты түрлі іс-шара өткізу жоспарланған.

Форум қарсаңында Назарбаев Нобель сыйлығының лауреаттарымен кездескен. Ақорданың хабарлауынша, кездесуде халықаралық кейбір мәселелер, оның ішінде АҚШ-тың климат жөніндегі Париж келісімінен шығу ниеті, Катарға қатысты жағдай талқыланған.

XS
SM
MD
LG