Жапония жағалауына жақын маңда америкалық "Фитцджеральд" эсминеці филиппиндік жүк кемесімен соқтығысып қалған. Бұл туралы АҚШ әскери-теңіз күштері басшылығы хабарлады.
Апат Токиодан оңтүстікке қарай 70 шақырым қашықтықтағы Йокосука портының оңтүстік-батыс тұсында теңізде болған.
АҚШ әскерилерінің хабарлауынша, әскери кеме экипажы Жапонияның жағалаудағы күзет қызметінен жәрдем сұраған.
Жапонның NHK телеарнасы апат болған жерден түсірген видеода америкалық эсминецтің оң жақ бүйірі қатты зақымданғаны байқалады. Жүк кемесінің корпусы болмашы майысқан.
Америкалық әскери-теңіз күштерінің зымыран қаруы бар "Фитцджеральд" эсминеці 1994 жылдан бері қолданыста. Әуелгіде АҚШ-тың Калифорния штатындағы Сан-Диего қаласында орналасқан әскери-теңіз базасында болған эсминец қазір Йокосукадағы АҚШ әскери базасында қызмет атқарады.