Accessibility links

Мұғалім Юрий Пак түрмеден бостандыққа шықты


"Жалған терроризм" айыбы тағылған Юрий Пак сотта тұр. Қарағанды, 16 маусым 2016 жыл.
"Жалған терроризм" айыбы тағылған Юрий Пак сотта тұр. Қарағанды, 16 маусым 2016 жыл.

Қарағандылық мұғалім, "жалған терроризм" айыбымен екі жылға сотталған Юрий Пак бүгін бостандыққа шықты деп хабарлайды Tengrinews агенттігі. Түрме қақпасы алдында оны туыс-жақындары қарсы алған.

Бұған дейін Қарағанды облыстық сотының баспасөз қызметі Азаттыққа Юрий Пактың өтініші қанағаттандырылып, бас бостандығынан айыру түріндегі жазасының өтелмеген бөлігі 170 мың 742 теңге айыппұлмен алмастырылғаны және Пак "кінәсін толық мойындап, қылмыс жасағанына өкініш білдіргені" туралы хабарлаған.

Пактың "кінәсін мойындау туралы сөзін тура мағынасында қабылдамау керек" деп мәлімдеген бүгін Tengrinews агенттігіне оның адвокаты. "Кінәңізді мойындайсыз ба?" деген сауалға ол риторикалық жауап қатты... Ал өкінетіні туралы сөзге келсек, сот үстінде олай деп айтқанын естіген жоқпын. Сондықтан біз әлі беріспейміз" деген адвокат кассациялық шағым беруге ниетті екенін айтқан.

Қарағанды соты 2016 жылы қазанда жергілікті мектептің физика пәнінің оқытушысы Юрий Пакты "қалалық орталық сауда үйіне бомба қойылғаны туралы жалған ақпарат берді" деп айыптап, екі жылға бас бостандығынан айырған. Өзіне тағылған айыпты мойындамайтынын мәлімдеген мұғалімнің берген шағымын апелляциялық сот қанағаттандырмай тастаған. Кейін рақымшылық заңы бойынша Юрий Пактің өтелмеген жаза мерзімі бес ай 10 күнге қысқартылған.

Юрий Пактың шәкірттері мектеп бітіру кешін ұстаздарымен бірге өткізу үшін маусымның 24-іне ауыстыруды ұйғарған. Юрий Пактың ісі әлеуметтік желіде үлкен резонанс тудырған.

XS
SM
MD
LG