АҚШ президенті Дональд Трамптың дәулеті қазір 1 миллиард 400 миллион доллардан асады. Бұл туралы мәлімет президент этика мәселелері жөніндегі мемлекеттік басқармаға ұсынған есепте көрсетілген.
Дональд Трамптың кірісінің негізгі бөлігі жылжымайтын дүние-мүлік, курорттар мен өз сауда белгісін лицензиялаудан түскен. Трамптың иелігіндегі курорттардың ішіндегі ең әйгілісі және қожайынның жиі демалатын орны – Флорида штатындағы "Мар-э-Ларго" курортында соңғы 15 айда кіріс көлемі 37 миллион долларға дейін өскен. Осыдан бір жыл бұрын бұл көрсеткіш қазіргі сомадан екі есе аз болатын. Өткен жылғы қазан айында Ақ үйдің жанында жаңадан ашылған қонақ үй осы уақытқа дейін 15 миллион доллардан астам кіріс әкелген. Трамптың компаниясының қарызы 300 миллион доллардан асады, олардың негізгі бөлігін жылжымайтын мүлік сатып алуға жұмсалған несие қаржысы құрайды.
Қазіргі уақытта АҚШ президентінің бүкіл бизнес-активін оның ұлдары жетекшілік ететін траст қоры басқарады. Трамптың бұл мүлікті сатудан бас тартуын саясаткерлердің көбі сынаған. Өткен аптада Конгрестің 200-ге жуық мүшесі мен екі штаттың бас прокурорлары Дональд Трамптың компанияларына жасалған төлемдер АҚШ конституциясының коррупцияға қарсы ережелеріне қайшы екенін мәлімдеп, сотқа жүгінген.