Зымыран қалдығының құлауынан өрт шығуы салдарынан қаза тапқан Қазақстан азаматы үшін туыстарына көмекті ресейлік компания төлейді. Бұл туралы бүгін Астанада парламент палаталарының бірлескен сессиясында қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бейбіт Атамқұлов журналистер сұрағына жауабында айтты.
Оның сөзінше, қаза тапқан азамат Роскосмосқа қарасты ресейлік компанияда жұмыс істейтіндіктен көмекті сол компания төлейді. Ол жұмысшы қазасын "өндірістік, жазатайым оқиға" дейді. "Марқұмның туыстарына көмек, барлық шығынды ол жұмыс істеген ресейлік компания төлейді. Сол компаниядан жалақы алған, сонда сақтандырылған" деді министр. Атамқұлов оқиға болған жер зымыран қалдықтары құлауға бөлінген аймақ болғанын айтады.
"Кісі өліміне өтемақы сұрайсыздар ма?" деген журналистер сұрағына министр "Ол жалға алу бағасына қосылады. Ол зымыран қалдықтары құлайтын аймақ. Өрт желден күшейіп, көлікке тиіп, [марқұм] жазатайым мерт болған" деді министр. Ол Ресей тарабының марқұм өліміне қанша қаржы беретінін айта алмайтынын жеткізді.
14 маусым күні кешке Байқоңыр ғарыш айлағынан ұшқан Ресейдің "Союз-2.1а" зымыран-тасығышы қалдықтары Жезқазған маңына құлап, шыққан өртті сөндіру кезінде 1964 жылы туған ер адам қаза тапқан. Бұл оқиға салдарынан 1968 жылы туған тағы бір адам жараланып, ауруханаға түскен.
"Союз-2.1а" зымыран тасығышының қалдықтары Жезқазған қаласынан 40 километр жерге құлап, одан өрт шыққан. Ақпаратқа қарағанда, өрт Жезқазған іргесіндегі Талап ауылынан оңтүстік-батысқа қарай 16 километр жерде (Ұлытау ауданы - ред.) шыққан.
Қазақстан ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитеті зымыран қалдықтары жоспарлы аумаққа құлағанын айтады.