Париждегі Елисей алаңы полиция көлігі қатысқан жол-көлік оқиғасынан соң қоршалды. Полиция көлігіне басқа бір көлік соқтығысып, сосын өртеніп кеткен. Франция полициясы соққан көлік рөлінде отырған адамның қаруы болғанын және оның көлік соқтығысында мерт болғанын айтады. Болжам бойынша, жол апаты әдейі жасалған. Оқиғаны полицияның терроризммен күрес бөлімі және Францияның ішкі арнайы қызметі тексереді.
Ұлттық жандармерия оқиғадан ешкім зардап шекпегенін, жағдайдың бақылауда екенін айтады. Париж полициясының Twitter-дегі аккаунтында "операция жалғасып жатқаны" хабарланды.
Екі ай бұрын Елисей алаңында полицейді атып кеткен еді. Францияда соңғы екі жылда жасалған бірнеше терактіден соң төтенше жағдай режимі орнаған.