Қазақстанда мектеп түлектерінің жоғары оқу орнына түсу емтиханы - Ұлттық бірыңғай тест (ҰБТ) тапсыру басталды. Білім және ғылым министрлігінің мәліметінше, ҰБТ биыл 20 маусым мен 1 шілде аралығында 165 пунктте өтеді.
Ұлттық тест орталығының ақпаратына қарағанда, биыл ҰБТ тапсыруға мектеп бітірген 131 377 түлектің 92827-сі (71 пайыз) өтініш білдірген.
Биылға дейін мектеп бітіру және жоғары оқу орнына түсу емтиханы саналған ҰБТ тапсыру ережесіне биыл біршама өзгеріс енгізілген. Биылдан бастап түлектер әуелі мектепте аттестат алу үшін бес пән - міндетті төрт пән және өзі таңдаған бір пән бойынша емтихан тапсырып, "Алтын белгі" осы емтихандардың қорытындысы бойынша берілді. Бұл емтихандар 29 мамыр мен 10 маусым аралығында өтті. Түлектер ҰБТ-ны бес пән - үш міндетті және екі салалық пән бойынша тапсырады.
Тест тапсыратын пункттерде жедел жәрдем, өрт сөндіру қызметтері мен полиция кезекшілік атқарып жатыр.