Accessibility links

"АрселорМиттал Теміртаудағы" қайғылы оқиғаның себебі анықталып жатыр


Теміртаудағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының кеңсесі (Көрнекі сурет).
Теміртаудағы "АрселорМиттал Теміртау" компаниясының кеңсесі (Көрнекі сурет).

"АрселорМиттал Теміртау" (АМТ) металлургиялық комбинатында кісі қаза тапқан оқиғаның себебі мен мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылып, тексеру басталды. Бұл ақпаратты Азаттыққа АМТ компаниясының баспасөз қызметінен растады. Компания домна цехының газ қондырғыларын реттейтін жұмысшысының өлімін "өндіріс барысындағы жазатайым оқиға" деп атайды. Қайғылы оқиға 18 маусым күні болған. Компания ақпаратына қарағанда, жұмысшы алдын ала болжам бойынша газдан уланып көз жұмған.

"Қайғылы оқиғаның себептерін тексеретін мемлекеттік комиссия 20 маусымда жұмысын бастады. Қаза тапқан жұмысшының отбасына ұжымдық келісім бойынша көмек көрсетіледі" деді АМТ компаниясы Азаттықтың сауалына берген жауабында.

Қаза тапқан жұмысшының мәйіті газ үрлеуші қондырғы орнатылған орынжайдан табылған. Әріптесіне көмектеспек болған екі жұмысшы Теміртау қалалық орталық ауруханасына дәрігерлердің бақылауына жіберіліп, дәрігерлер оларды бірнеше сағаттан соң босатқан. Компания ол екі жұмысшыны зардап шегуші деп санамайтынын және олардың жұмысына кіріскенін айтады.

Кейбір жергілікті агенттіктердің хабарлауынша, қайғылы оқиғаға электр қуатының ажырап қалуы себеп болуы мүмкін. Компания әзірге бұл ақпарды я растап, я жоққа да шығармай, ол арнайы мемлекеттік комиссия жұмысын аяқтаған соң белгілі болатынын айтады.

XS
SM
MD
LG