Accessibility links

Ақтөбелік ДСД трансплантация дауымен сотқа тартылды


Ақтөбе облыстық ауруханасының ғимараты. Ақтөбе, 9 маусым 2017 жыл.
Ақтөбе облыстық ауруханасының ғимараты. Ақтөбе, 9 маусым 2017 жыл.

Ақтөбедегі №2 қалалық сотта Байғанин ауданы Алтай батыр ауылының тұрғыны Балдәурен Нұрлыбаеваның шағымы бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Нұрлыбаева 4 маусым ауыр ми жарақатынан қаза болған 23 жастағы ағасы Серікболсын Көшербайдың "ішкі органдарын туыстарының рұқсатынсыз трансплантациялады" деп Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментін сотқа берген.

- Ағам хал үстінде жатқанда Ақтөбедегі туыстар, нағашыларым - бәріміз жедел жәрдем ауруханасын торуылдаумен болдық. 3 маусым күні де ауруханадан үйге қас қарая қайттық. Бізге дәрігерлер ағамның қазасы туралы 4 маусым күні таңда естіртті. Бірақ "ішкі органдарын трансплантация жасадық" деп айтпады, - дейді Балдәурен Нұрлыбаева.

Нұрлыбаеваның адвокаты Қатарбай Раисовтың сөзіне қарағанда, марқұмның туыстары Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінен 1 миллион теңге өндіріп беруді талап етіп отыр. Арызданушылар Ақтөбе облысының бас хирургі Ерлан Сұлтангереевтен де 1 миллион теңге моральдық шығын өндіруді сұрайды.

- Сұлтангереев облыстық газетке берген сұхбатында "донордың туыстарынан рұқсат алдық" деген. Осыдан келіп марқұмның туыстары арасында түсінбеушілік туындады. Трансплантация үшін бірін бірі кінәлап, алауыздық орнаған, - дейді адвокат.

Марқұм Серікболсын Көшербайдың туыстары дәрігерлердің үстінен Ақтөбе облыстық прокуратурасына да шағым түсірген. Прокуратураның баспасөз қызметі денсаулық сақтау департаментін тексере бастағандарын хабарлады.

20 маусым күнгі алдын ала сот тыңдауына Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау департаментінің өкілдері келген жоқ. Сот отырысы 27 маусым күні жалғасады.

Қазақстанның денсаулық сақтау министрлігі 20 маусымда таратқан баспасөз мәлімдемесінде "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі" туралы кодекстің 169-бабындағы 10-тармаққа сілтеме жасай отырып, қайтыс болған пациент, не оның туыстары, көзі тірісінде дене мүшелерін пайдалануға рұқсат беру-бермеу туралы анық өсиет-нұсқау қалдырмаса, медициналық ұйым мәйіттің ішкі органдарын толықтай, я бөлшектеп алуға хақылы екенін ескертті.

Ресми ақпарат бойынша, Қазақстанда 3500 пациент ішкі орган ауыстыруға мұқтаж болып кезекте тұр.

XS
SM
MD
LG