Accessibility links

Құқық қорғаушылар Қазақстанның үстінен БҰҰ-ға шағымданды


Наталья Садықова, Киевте тұрып жатқан қазақстандық оппозицияшыл журналист.
Наталья Садықова, Киевте тұрып жатқан қазақстандық оппозицияшыл журналист.

Құқық қорғаушылар оппозициялық журналист, Қазақстандағы қылмыстық қудалаудан қашуға мәжбүр болып, Киевте тұрып жатқан Наталья Садықованың ісіне қатысты БҰҰ-ның адам құқықтары жөніндегі комитетіне Қазақстанның үстінен шағым түсірді. Қазақстандық адам құқықтары жөніндегі бюронің хабарлауынша, шағым авторлары БҰҰ сарапшыларынан Қазақстанды Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактінің алты бабын бұзды деп тануды сұрайды.

Құқық қорғаушылардың мәліметінше, ақтөбелік журналист Наталья Садықоваға қарсы іс 2014 жылы наурызда бұрынғы депутат, бизнесмен Марал Итеғұловтың өзіне "жала жабу" туралы шағымы бойынша басталған. Итеғұлов әуелде 2013 жылы 23 желтоқсанда "Республика" басылымында Бақыт Ілиясовтің авторлығымен жарияланған "Ақтөбеде тендер барлығына бірдей жетпейді" деп аталатын мақалаға қарсы сотқа шағым түсірген. Мақалада автор Ақтөбе облысындағы құрылыс пен жол жөндеуге қатысты тендер үшін күрес туралы жазған. Шағымданушы кейін мақала авторы деп Наталья Садықованы атаған. Сосын сот қылмыстық өндіріс бастап, сырттай қамауға алу туралы шешім шығарған. Садықова сот өзін қамауға алу туралы санкция шығарған кезде отбасымен Киевке кетіп қалған. Бұдан соң сот оған іздеу жариялаған.

Құқық қорғаушылар Наталья Садықова Қазақстанға келсе бірден қамауға алынатынын айтады. Шағым авторлары Садықоваға қарсы шағым түскені және ол бойынша сот тергеуі басталғаны хабарланбады, журналистің өзіне қарсы іс материалымен танысуына мүмкіндік берілмеді, адвокатына да екі ай бойы іспен танысуға рұқсат етілмеді дейді.

Бюро ақпаратына қарағанда, Садықованың аталған мақалаға қатысы жоқ және мақала авторын танымайды. Садықова өзіне қарсы істі журналистік кәсібімен байланыстырады.

Шағым авторлары Қазақстан азаматтардың ой-пікірін еркін білдіру құқығын, Азаматтық және саяси құқықтар жөніндегі халықаралық пактінің әділ сот процесі құқығына кепілдік беретін 14-бабын және құқықтық тұрғыдан қорғануға кепілдік беретін 2-бабын бұзып отыр дейді.

XS
SM
MD
LG