Accessibility links

Порошенко "Трамптың Ресеймен байланысы жоғына" сенім білдірді


Украина президенті Петр Порошенко Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуде отыр. Вашингтон, 20 маусым 2017 жыл.
Украина президенті Петр Порошенко Ақ үйде АҚШ президенті Дональд Трамппен кездесуде отыр. Вашингтон, 20 маусым 2017 жыл.

Украина президенті Петр Порошенко АҚШ президенті Дональд Трамптың Ресеймен байланысы барына сенбейтінін мәлімдеді. "Трамп Ресеймен ерекше қарым-қатынастағы адамға ұқсамайды" деді Порошенко Fox News телеарнасына берген сұхбатында. Бірақ ол АҚШ-та Трамптың Ресеймен байланысы бар-жоғына қатысты жүргізіліп жатқан тергеуге киліккісі келмейтінін айтты.

Порошенко бұған қоса Трамп "күшті және харизмасы бар жетекші" деген пікір білдіріп, оны өзіне елде бейбітшілік орнатуға көмектесетін Украинаның досы деп атады.

Кеше Порошенко Вашингтонда Трамппен кездескен. Донбастағы қақтығысты тоқтату жолдары талқыланған кездесуден соң Порошенко АҚШ өзін Украинаның территориялық тұтастығы мәселесінде толық қолдайтынын мәлімдеді.

АҚШ конгресі мен Федералдық тергеу бюросы бірнеше айдан бері Ресейдің өткен жылы АҚШ-тағы президент сайлауы барысына ықтимал килігуін тексеріп жатыр. Сонымен қатар президент әкімшілігінен тәуелсіз, арнайы прокурор, Федералдық тергеу бюросының бұрынғы басшысы Роберт Мюллер басқаратын тергеу де басталған. Оған егер негіз болса президенттің іс-қимылын да тексеруге құқық берілген.

Трамптың өзі Twitter-де жеті айға созылған тексеруде Кремльмен байланысы сол күйі дәлелденбегенін жазған.

XS
SM
MD
LG