Accessibility links

АҚШ: Ресей хакерлері былтыр 21 штатта сайлау жүйесін бұзып кірген


АҚШ өкілдерінің мәлімдеуінше, өткен жылы елде президент сайлауы науқаны кезінде ресейлік хакерлер Американың кемінде 21 штатында электронды жүйелер мен дауыс беру жүйелерін бұзған.

Сенаттың барлау комитетінің тыңдауында АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігінің қауіпсіздік мәселелері жөніндегі жетекші қызметкері Жанетт Манфра сөйлеген кезде Ресейдің 2016 жылғы сайлау алдында компьютерлер желісіне бұзып кіріп, қоғамдық пікірге айла-шарғымен әсер еткені жайлы АҚШ барлау қауымдастығының қорытындысы басты назарда болған. Әйткенмен, Манфраның сөзінше, дауыс беру нәтижесі бұрмаланбаған, ал осы жайтқа АҚШ үкіметі тергеушілері ерекше назар салып, бақылауда ұстап отыр.

Манфра хакерлер қанша штаттан сайлаушылар жайлы мәліметтер ұрлағаны туралы сұрақ қойған демократиялық партия өкілі, сенатор Марк Уорнерге кибершабуылға нақты қанша штат ұшырағанын айтудан бас тартты. Ресей хакерлерінің жекелеген штаттарда америкалық сайлау жүйесіне қаншалықты терең әрі кеңінен қол сұққаны жергілікті және федералдық шенеуніктерді қатты толғандыратын мәселеге айналған.

Нақ осы жайт биылғы қаңтарда АҚШ ішкі қауіпсіздік министрлігінің дауыс беру жүйесін "қиын инфрақұрылым" деп жариялауына, федералдық үкіметке штаттардың сайлау жүйесіне араласуына көбірек өкілеттік беруге себеп болған. Ішкі қауіпсіздік министрлігінің кибербөлімшесі бастығы міндетін атқарушы Сэмюель Лейлс Ресей АҚШ-қа "ықпал ету операцияларын жүргізуді жалғастырады" деп санайтыны туралы мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG