Accessibility links

Ұлттық банк Delta Bank лицензиясын қайта тоқтатты


Алматыдағы Қазақстан Ұлттық банкінің кеңсесі (Көрнекі сурет).

Қазақстан Ұлттық банкі 21 маусымнан бастап Delta Bank-тің жаңа депозит және банк есепшоттарын ашу лицензиясын 3 тамызға дейін тоқтатты. Ұлттық банк лицензияны коммерциялық банк банк заңнамаларын бұзғандықтан тоқтатқанын айтады. Ұлттық банк лицензия тоқтатылуының бұған дейін ашылған депозиттерге және банк клиенттеріне қатысы жоқ дейді.

Ұлттық банктің ақпаратына қарағанда, банк жүйесіндегі депозиттердің жалпы көлеміндегі Delta Bank депозиттерінің үлесі 0,5 пайызды құрайды. 1 маусымдағы мәлімет бойынша, банктегі жеке тұлғалардың салымы 300 миллион теңге, заңды тұлғалардың депозиті 87,9 миллиард теңгені құрайды.

Delta Bank-тің лицензиясы бірінші рет тоқтатылып тұрған жоқ. 22 мамырда Ұлттық банк Delta Bank-тің 2017 жылдың 15 маусымына дейін жеке және заңды тұлғалардан депозит қабылдап, банкте есепшоттар ашуына тыйым салған. Ұлттық банк ол кезде мұны Delta Bank-тің төлем жасау және қаржы аудару операцияларына қатысты келісім міндеттемелерін сәйкесінше орындамағаны және пруденциялық нормативтерді бұзғаны үшін "қадағалау әрекеті аясында" қабылдағанын айтқан.

Ұлттық банк бұл банк лицензиясының күшін соңғы сегіз айда осымен үшінші рет тоқтатып отыр. Өткен жылы 1 қарашада Ұлттық банк Delta Bank пен "Қазинвестбанктің" депозит қабылдау және жеке азаматтарға банк есепшотын ашу лицензиясын тоқтатқан еді. 27 желтоқсанда "Қазинвестбанк" лицензиясынан айырылған. 29 желтоқсанда Delta Bank-тің депозит қабылдау лицензиясы қайта күшіне енгізілген.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG