Accessibility links

Сот Мамайдың өзін босату туралы шағымын қанағаттандырмады


Журналист Жанболат Мамай (оң жақта) сот залында. Алматы, 31 мамыр 2017 жыл.
Журналист Жанболат Мамай (оң жақта) сот залында. Алматы, 31 мамыр 2017 жыл.

Алматының Медеу аудандық соты қамаудағы оппозициялық журналист Жанболат Мамайдың өзіне қарсы іс заңсыз қозғалды деп, өзін босатуды сұраған шағымын қанағаттандырмай тастады. Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, сот Мамайға қатысты тергеу шаралары әлі жүргізіліп жатқанын айтып, шағымды қанағаттандырудан бас тартты.

Сот сонымен қатар Жанболат Мамайдың тергеушілер үстінен сотқа түсірген шағымын да қарады. Мамайдың шағымдары бойынша екі сот та 22 маусым күні түстен кейін қаралып, сот шешімі кешке жақын шықты.

Уақытша қамау изоляторында отырған Жанболат Мамай абақтыда өзін "ұрып-соққаны" бойынша арызданып, оны қараған тергеуші істі жауып тастаған. Мамай тергеушінің істі жабуы заңсыз деп, сотқа қайта шағымданған. Адвокат Жанар Балғабаеваның айтуынша, бұл шағымды қараған сот оны "істі прокуратура қарап жатқанын" айтып, шағымды ашық қалдырды.

Сотқа Мамайдың туыстары мен адвокатынан өзге ешкімді кіргізбеді.

Оппозициялық "Трибуна. Саяси қалам" газеті бас редакторының міндетін атқарушы, 28 жастағы Жанболат Мамай 2017 жылы 10 ақпанда сот шешімімен екі айға қамалған. Тергеу тарабы "2009 жылдан бері Еуропада жүрген бұрынғы банкир және оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов БТА банкінен ұрланған ақшаның бір бөлігінің ізін Мамай басқаратын "Трибуна. Саяси қалам" газеті арқылы қаржылық операциялар жасап жасырған" деп күдіктенеді. Журналист бұл айыпты мойындамайды. Ал Мұхтар Әблязов бұл айыптауды "абсурд" деп атап, Мамаймен ешқашан кездеспегенін мәлімдеген.

Сот 31 мамырда Мамайды қамау мерзімін 10 шілдеге дейін ұзартқан.

Жанболат Мамай абақтыда өзін соққыға жыққаны туралы хабарлаған соң оны қорғау комитеті құрылған.

XS
SM
MD
LG