Германия парламентінің төменгі палатасы Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін сотталған барлық гомосексуалистерді ақтайтын заңды бірауыздан қабылдады. Ақталғандардың барлығына өтемақы төленбек. Deutsche Welle-нің хабарлауынша, Германия әділет министрі Хайко Маас бұл шешімді "әділеттіліктің кешіктіріліп қалпына келтірілуі" деп атады.
Гомосексуалистерді қылмыстық жауапкершілікке тарту туралы бап кайзер тұсында қабылданып, нацистер тұсында кеңінен қолданылған. Үшінші рейх кезінде ол бап бойынша 42 мыңнан астам адам түрме мен концлагерлерге жабылды. Шығыс Германия (Герман демократиялық республикасы) ол бапты 1968 жылы түпкілікті жойған. Бір жылдан соң Батыс Германияда да ол бап жұмсартылып, 1994 жылы герман қылмыстық кодексінен түпкілікті жойылған.
Бундестагтың шешімі бойынша, 1949 жылдан бері зардап шеккен 64 мыңға жуық адамға үш мың еуро және қосымша тұтқында отырған әр жылы 1500 еуро өтемақы төленбек. Бұл бап бойынша сотталған қанша адамның тірі екені әзірге белгісіз. Германия әділет министрлігі өтемақы төлеуді сұрап бес мыңға тарта адам жүгінеді деп болжайды.
Заң күшіне енуі үшін оны герман федералдық жерлерінің кеңесі мақұлдауы тиіс.