Accessibility links

Пәкістанда жұма күні үш жарылыстан 35 адам өлген


Кветта қаласындағы жарылыс болған орын. Пәкістан, 23 маусым 2017 жыл.
Кветта қаласындағы жарылыс болған орын. Пәкістан, 23 маусым 2017 жыл.

Пәкістанның екі үлкен қаласында маусымның 23-і күні болған үш жарылыс салдарынан 35 кісі қаза тауып, жүзден астам адам жараланған. Бұл шабуылдар мұсылмандар үшін қасиетті Рамазан айының соңғы жұмасында жасалды.

Полицияның хабарлауынша, Белуджистан уәлаяты орталығы Кветта қаласында полиция басшылығы орналасқан ғимараттың алдында жанкешті өзін жарып жіберген. Жарылыстан 11 адам, соның ішінде бес полиция қызметкері мерт болған. 20 адам жараланған.

Шабуылға жауапкершілікті екі топ – пәкістандық «Талибан» қозғалысынан бөлініп шыққан «Жамат әл-Ахрар» ұйымы және «Ислам мемлекеті» экстремистік тобы өздеріне алатыны туралы мәлімдеген.

Кветтадағы жарылыстан кейін бірнеше сағат өткенде елдің солтүстік-батысында, Ауғанстанмен шекара маңындағы шиит мұсылмандары тұратын Парачинар қаласында жұрт көп жүрген базарда жасалған екі жарылыстан 24 адам өліп, 80-нен аса кісі жараланған. Зардап шеккендердің көбінің жағдайы ауыр екені хабарланды. Парачинардағы шабуылдарды кім жасағаны әзірше белгісіз.

XS
SM
MD
LG