Accessibility links

Әлеуметтік желідегі видеодан соң павлодарлық тәрбиеші жұмыстан кетті


Балабақша ауласында ойнап жүрген балалар. Алматы, 11 маусым 2013 жыл. (Көрнекі сурет.)

Павлодар қаласындағы балабақшалардың біріндегі "бала ұру" туралы видео әлеуметтік желіде жариялағаннан кейін тәрбиеші жұмыстан кетті деп хабарлайды Tengrinews агенттігі.

"Оқиға маусымның 22-і күні қаладағы 38-балабақшада болған. Оны анықтау барысында тәрбиеші 2012 жылы туған екі балаға қол көтергенін мойындады" деп хабарлаған қалалық білім бөлімінің өкілдері. Олардың сөзінше, тәрбиеші Қазақстан еңбек кодексінің "тәрбиелеу функцияларын атқаратын жұмыскердің осы жұмысын жалғастырумен сыйыспайтын, моральға қайшы қылықтар жасағаны" туралы бабына сәйкес жұмыстан босатылған.

Бұған дейін Instagram әлеуметтік желісінде жарияланған видеода үстел басында отырған жас мөлшері 3-5 жас аралығындағы балаларға зекіп сөйлеген ересек әйел адамның екі баланың басынан ұрғаны бейнеленген.

Видео шыққан парақшаға қалдырған комментарийлерде қолданушылар бұл оқиға биылғы маусымның 22-інде Павлодардағы 38-балабақшада болған деп жазған. Тәрбиешіні жауапкершілікке тартуды талап еткен ата-аналар мекеме басшысының міндетін атқарушыдан "балабақша директоры шілденің басында демалыста шыққан соң шешім қабылдайтыны" туралы жауап алғанын жазып, наразылық білдірген.

AzattyqTV

XS
SM
MD
LG