Accessibility links

Астана соты белсенді Махамбет Әбжанды екі айға тұтқындады


Азаматтық белсенді Махамбет Әбжан. Астана, 8 мамыр 2014 жыл.
Азаматтық белсенді Махамбет Әбжан. Астана, 8 мамыр 2014 жыл.

Бүгін Астананың Сарыарқа аудандық 2-соты "алаяқтық жасаған" деген айып тағылған азаматтық белсенді Махамбет Әбжанды тергеу кезеңінде екі ай қамауға алу туралы қаулы шығарған. Сонымен бірге белсендінің үстінен қозғалған қылмыстық істе "өзінше билік ету" айыбы да бар дейді оның адвокаты Төлеген Шайықов.

Оның айтуынша, Махамбет Әбжан өзіне №12 тергеу абақтысында тергеу тарапынан қысым жасалуы мүмкін деп қауіптенетінін айтып, өтініш білдірген.

Астана қалалық ішкі істер департаменті маусымның 23-і күні шығарған іс-әрекетті дәрежелеу туралы қаулысында Әбжанның "алдын ала сөз байласқан топ құрамында әрекет етіп, алдау немесе сенімге кіру арқылы бөтеннің мүлкін ұрлауға бағытталған қылмыс жасауға ниеттенгені" айтылған.

Тергеу жорамалы бойынша, Махамбет Әбжан мен тағы бір азамат Шымкент қаласының тұрғынын "егер бір миллион теңге салсаң, "Ата-Кент" тұрғын үй кешенінен үш бөлмелі пәтер сатып аласың деп адастырған". Соның нәтижесінде, дейді тергеушілер, зардап шегушіге 972 мың теңгеден аса соманың материалдық зияны келген.

Белсенді өзіне тағылған айыпты жоққа шығарады. Адвокат Шайықовтың айтуынша, Махамбет Әбжан "Ата-Кент" тұрғын үй кооперативінің заңгері және осы тұрғын үй кешеніндегі үлес туралы келісімшарт жасалғаны жөнінде Шымкент тұрғынына түбіртек пен келісімшарттың көшірмесін берген. Сонымен бірге, адвокаттың айтуынша, оның қорғауындағы Әбжанға тағылған айып Астанадағы ескі үйлерден көшірілген тұрғындар мен бірнеше жылдан бері уәделі пәтерге қол жеткізе алмай жүрген үлескерлердің мүдделерін белсенді қорғап жүрген оның қызметіне байланысты болуы мүмкін.

XS
SM
MD
LG